Алтынтөбе атауы қайдан шыққан?

         Қазығұрт ауданында Алтынтөбе деп аталатын ауыл бар. Ауыл атауының қалыптасуына қатысты жергілікті тұрғындар арасында бірнеше аңыз-әңгіме айтылады. Солардың бір нұсқасы туралы айтпақпыз.
         Қазығұрт ауданында Алтынтөбе деп аталатын ауыл бар. Ауыл атауының қалыптасуына қатысты жергілікті тұрғындар арасында бірнеше аңыз-әңгіме айтылады. Солардың бір нұсқасы туралы айтпақпыз.

Алтынтөбе қалажұрты. Х-ХҮІІ ғасыр ескерткіші.

                    Ауыл маңында осылай аталатын ауыл атымен аттас көне қаланың орны, төрткүлтөбе сақталған. Қалажұрт орнынан ауыл тұрғындары көне заманғы құмыра сынықтары, кірпіштер мен (қару-жарақтың болса керек) металл сынықтарын, тиын-тебен қалдықтарын тауып жатады (Алтынтөбе қала жұртының координаты 41.831373, 69.709689). Бұл қалажұрт туралы massaget.kz сайтында блог жариялағанбыз (сілтеме: https://massaget.kz/blogs/20367/). Сілтемеден қала орнына қатысты біршама мәліметтер ала аласыз.

Алтынтөбе қалажұртының спутниктік картадан қарағандағы көрінісі

            Мектеп жасындағы бала кезімізде ауылдан 2-3 шақырым оңтүстікте Қаракемер жақта, ауылдықтар «Шаңқай» атап кеткен жерде кетпен шауып, егіс егетінбіз. Көк ешекті арбаға жегіп алып, таңертеңмен сонда барып, күн бата түнделетіп үйге қайтушы ек. Бару-қайту жолымызда жарықтық әкеміздің аузынан ауылдың талай аңыз-әңгімелерін еститінбіз. Ауылда аңыз-әңгімелерді анық-қанығын жеткізіп, тамылжытып әкем мен Қалдыбай атадан асырып ешкім айта алмайтын. Сол естіген әңгімелер әлі күнге есімнен шыққан емес. Есте тұрған сәтте шетінен компьютерде теріп, блог етіп жариялап келеміз. Жоғарыда айтқанымыздай, солардың бірі туралы сөз сабақтасақ…

Ауыл балаларының Алтынтөбе қалажұрты үстіндегі футбол алаңқайы

                 Еретеректе, шамамен ХІХ ғасырдың екінші жартысы болса керек, Ресей Тәшкенді алатын заманның алдындағы Қоқанның бағы тая бастаған уақытта бұл төңеректі қайшылыдан шыққан Әжіқұл деген бай жайлапты. Мыңғырған малы, жинаған алтыны көп болыпты. Малды бір жұттық санап, негізінен алтын жиған екен. Бес уақыт намазын қаза жібермейтін тақуалығы бар, ілімді кісі болған. Байдың кіндігінен тарайтын қыздары болғанмен, ұлы жоқ екен. Күндердің-күнінің бірінде Әжіғұл бай алтындарын жиып, бір жерге тығып, көмеді. Мал-жанын сенімді кісісіне аманаттап, өзі қажылыққа аттаныпты. Бай сол қажылық сапардан оралмапты. Ауылдастары байдың қажылығы орындалдыға санап, «Әжіғұл әжі» деп атап кетіпті (2002 жылы шыққан «Қазығұрт» энциклопедиясының «Қазығұрттан шыққан қажылар» тақырыбындағы мақаласында Әжіқұл әжінің аты аталады. Тарихта болған кісі екенінің нақты дәлелі сол болса керек). Қыздары ұзатылады. Артындағы малын ағайын-туыстары бөлісіп алады. Байдың тек «Әжіғұл әжі» деген атағынан басқа ел-жұрттың есінде ешнәрсе қалмапты. Баяғы көмілген алтындарының көмілген жерін тұрғындар шамалағанмен, нақты білмегендіктен ол да ұмыт қалады.
               Арада бірнеше ондаған жыл өткенде, шамасы ХХ ғасырдың басындағы Ресей патшалығы құлардың алдындағы жылдар болса керек, Самарқанның арғы жағынан екі тәжік келіп, Төрткүлтөбе айналасының жерін жыртып, егіс егеді. Ауыл тұрғындарының барлығымен тіл табысып алады. Екі тәжік тек қауын егеді екен. Тәжіктердің диханшылығына ауыл тұрғындары жақын жерден қауын сатып алатынына қуанбаса, еш күдіктенбеген. Дихандар су шыға қоймайтын Төрткүлтөбенің төбесіне дейін көтерме жасап, арық қазып, су шығарады, қия беттерді де жыртып, егіс егеді. Бір қызығы – жұма сайын жаңа жертөле қазады екен. Ауылдағылар неге жаңа жертөле қазатынын сұрай қалса, ескі жертөледе тышқандар көбейгенін сылтау етеді екен. Су жыққан арықтарының да арналарын жиі ауыстырады екен. Сонда да ауыл тұрғындары еш күдіктене қоймаған.
           Шілде бітіп, тамыз басталар күндердің бірінде дихандарға көршілеу тұратын Нұрбай ақсақал (қазіргі Әбдиевтердің атасы) таңертемен арықтан су алуға барса, арық жағасынан күнделікті аяғын басып тұрып су алатын жалпақ үлкен тасы төңкеріліп жатыр. Екі-үш адам әрең орнынан қозғайтын үлкен тастың неге бұлай аударылып қалғанына таңырқап, мән бере қараса, тастың астынан бірнеше үлкен құмыралардың ізін көреді. Дихандардың жертөлесіне көз салса, ат-көліктері көрінбейді. Дихандардың өздері де аяқ астынан жоғалып кеткен. Асығыс-үсігіс аттанып, із суытып үлгерген.
— Қап! Неткен ақымақ едім?! Аяғымның астындағы қазынаны неге білмегем?! –деп, Нұрбай ақсақал аһ ұрып, өкініп, санын сабалап қала беріпті.
Қауын еккен тәжік «дихандар» сол кеткеннен хабарсыз кетеді. Баяғы Әжіқұл әжінің қазынасын ұрлағаны мәлім болады. Қауындар да пісіп қалған екен. Пісіп тұрған егінді пұлдауға да қарамаған ғой. Иесіз қалған қауындарды Сағынбек деген кісі иеленіп, Қаржансудың арғы бетіндегі Сенбі базарына (Сенбі базары ол кезде дүрілдеп тұрған шағы екен) шығарып, бір қауынды – бір қойға айырбастап, айырбастауға шамасы жоқтарға тіліктеп сатып бір жұмада байып шыға келеді. Сатқан қауынының үлкендігін сипаттау үшін «атты адам бір қауынды алдына өңгеріп әрең алған екен» деседі. Содан кейін, «кімсің?» — Сағынбек бай аталады (Сағынбек бай ХХ ғасырдың 30 жылдары ағайындарының көре алмаушылығынан бай-құлақ болып итжеккенге айдалған).

Қауын еккен жерлердің біраз бөлігіне бүгінгі күні ауыл зираты орналасқан

Әжіқұл байдың заманында қажылық сапарға баратын кісілер арнайы кеңесіп, топтанып жолға аттанады екен. Тегін адам қажылыққа бармайтыны белгілі, өңкей бай-бағыландар барады. Қажылыққа шыққан топ Самарқаннан асқанда оларға бір кісі топқа қосуын өтініп, қоярда-қоймай қосылады. Сапарластарының сеніміне кіріп, жақсы қызмет көрсетеді. Өтірік айтса, қажылығы қабыл болмайтыны туралы айтып, қазыналары туралы сыр суыртпақтап, біліп алады. Қажылықтан кері қайтарда да бірге болған. Түрікпен құмынан өткенде қапысын тауып, Әжіғұл байды өлтіреді. Содан құмға сіңіп, бой тасалап үлгереді. Топтағы өзге байлар өздерінің амандығын ойлап, жылдамдата отырып, қауіпті саналатын Самарқан жолынан ұзай береді. Әжіғұлдың қажылығы қабыл болғаны туралы елге жеткізіп, «әжі» атандырған сол топтағы өзге қажылар болатын. Ал Әжіғұл әжіні өлтірген кісінің кім екені сол күйі ұмытылады. Мүмкін Әжіғұл әжі де, оның қазынасы да, оны өлтірген самарқандық тәжік те ұмытылар ма еді? Араға бірнеше ондаған жыл салып «қауын оқиғасы» бәрін қайта ел есіне салды.
Содан бастап, Әжіғұл әжінің қазынасы табылған Төрткүлтөбе – Алтынтөбе деп аталады. Ауыл аты да соның атымен атала бастайды.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
         Алтынтөбе — орта ғасырлардан сақталған қаланың орны. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауыл округі, Орталық аулында орналасқан. Алғаш 1982 жылы археолог А.Н. Подушкин зерттеген. Кейін 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының Келес археологиялық тобы зерттеу жұмысын жалғастырды.
Алтынтөбе — сыртқы көрінісі төртбұрышты, терең ормен қоршалған биік төбе. Аумағы 180×160 м, биіктігі 13 — 15 м. Орталық бөлігі (цитадель) төбенің оңтүстік-батыс бұрышында орналасқан. Аумағы 70×50 м, биіктігі қалашықтың үстіңгі бетінен есептегенде 4 м. Қаланы айналдыра салынған үлкен қабырғаның құлаған орны анық байқалады. Қақпалары оңтүстік-шығыс пен оңтүстік-батыста бір-біріне қарамақарсы орналасқан. Төбенің орта ғасырдағы аты белгісіз. Кезінде гүлденген қала болған. Қазба жұмыстары кезінде бірнеше бүтін қыш ыдыстар: екі көзе, екі қақпақ, кіржуғыш және сырланбаған кесе табылды. Алтынтөбе Ұлы Жібек жолының Шаштан Испиджабқа апаратын тармағының бойында орналасқан. Зерттеу кезінде жиналған археол. материалдар қаланың 10 — 16 ғасырлар аралығында болғанын көрсетеді.

Жылқының пірі - Жылқышы ата

      «Киелі орындар географиясы» аясында Жылқышы ата кесенесі жергілікті (Түркістан облысы бойынша) киелі орындар тізіміне еніпті. Осыған байланысты Жылқышы ата тақырыбы тереңіне қәлімізше сүңгіп көрсек.<«Киелі орындар географиясы» аясында 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Жылқышы ата кесенесі жергілікті (Түркістан облысы бойынша) киелі орындар тізіміне еніпті. Осыған байланысты айтар бірер ауыз сөзіміз болсын, Жылқышы ата тақырыбы тереңіне қәлімізше сүңгіп көрсек.

Жылқышы ата кесенесі

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жылқыны қолға үйреткен қазақ даласы екенін баса айтты. Ал сол жылқының халық ауыз әдебиетінде аталатын пірі кім еді? Жылқышы ата кесенесінің «Киелі орындар» тізіміне ендірілетіндей бір жөні осы болса керек.

Шет Қаржан өзені

Қазақ фольклорында жылқының пірі – Қамбар ата деп аталады. Сонымен қатар, жылқының пірі ретінде Қамбар атамен қатарласа Жылқышы ата деген атау қосарлана, қабаттаса аталып жатады (Сілтеме: https://e-history.kz/kz/contents/view/2694) . Мұның себебін қазақ фольклорын зерттеуші А.Диваев Орта Азияға сапары кезінде жазған еңбегінде Жылқышы ата мен Қамбар ата атаулары қазақ ауыз әдебиетінде бір-бірін алмастыра беретін тұлғалық атаулар деп көрсетеді. Демек, Жылқышы ата мен Қамбар ата – синоним сөздер есебінде болса керек.

Жылқышы ата тоғайы

Бұған дейінгі «Алтынтөбе атауы қайдан шыққан» мақаламызда бала күнімізде Алтынтөбенің Каракемер деп аталатын сулы өлкесінде кетпен шауып, егін еккенімізді айта өткенбіз. Сол Қаракемердегі егісімізден ұзақ емес, 600-700 м. шамасында, Қаржансудың оң жақ жағалауында Жылқышы ата кесенесі болатын. Ол кезде әкеміздің көзі тірі кез. Әкеміздің аузынан Жылқышы ата туралы аңыздарды тыңдап отыратынбыз. Сол аңыздардың желісіне және халық ауыз әдебиетіндегі Қамбар ата кейіпкерімен салыстыра отыра әңгімелесек…

Жылқы басына ұқсаған тас. Осы таста көне жазулар бар деседі.

 

Есте жоқ ерте заманда Қаржантаудың сілемдерін Жылқышы ата деген кісі мекен етіпті деседі. Шын аты Ақберді болғанымен, жергілікті жұрт атын тікелей атамай, «Жылқышы ата» деп атап кетіпті. Шұрқыраған жылқысы тау аңғарларында үйір-үйір болып жайылады екен. Жылқының барша ауру-сырқауын жақсы білген әулие кісі болыпты деседі. Күндердің күнінде Жылқышы ата қайтыс болып, Шынар өзенінің жоғарғы ағысы, тау қойнауының біріне жерленіпті. Мола басына жылқының басына ұқсаған үлкен тас қойылып, сол тасқа көне жазумен дұғалар жазылған екен. Сол тас тек жылқының ғана емес, жылқы баққан көшпелі жұрттың құрметтейтін қадірлі тасы болыпты. Жылқыға күні қараған ауылдар ауру шалған жылқысын сол тасты үш айналдырса, құлан таза сауығып кететін қасиеті бар екен. «Аттай ойнап шыға келді» деген тіркес сол тасқа қатысты аталса керек. Арада біршама уақыт өткенде қатты нөсер жауын жауып, тау өзендерінде тасқын жүріп, тау қойнауындағы әлгі Жылқышы атаның тасын тасқын су суырып, төмен ағызыпты. Тасқын басылғасын жылқышы жұрт тасқын жұлған тасты іздеп Шынар өзені бойымен төмен түседі. Шынар өзенінің Қаржансуға құяр тұсында, жағада жата өскен доланаға тіреле тоқтаған тасты көреді. Содан бастап, «Жылқышы атаның киесі тоқтаған жер» деп осы жерді киелі санап кетіпті. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында жергілікті тұрғындар қаражатымен әлгі тас өзен арнасынан жоғары шығарылып, жанына кесене тұрғызылады. Біз әңгіме етіп отырған кесене осы.

Шынар өзенінің Шет Қаржанға құяр тұсы. Осы жерден Қаржансу болып ағады

Және бір аңызда мынадай оқиғаны баян етеді. ХХ ғасырдың басында қайшылыдан шыққан бір бай көктемнің күндерінде өзеннің бергі бетінде өріс қалмай, мыңғырған малын тасқындаған Қаржансудың арғы бетіне өткізіп жаймақ болады да, көпір салуды ойлайды. Содан қазіргі Жылқышы ата кесенесі тұрған кесене маңындағы тоғайдан қарағаш кеспек болып балтасын ала, жалшыларын ертіп барады. Өзеннің бергі бетінде жалшыларын қалдырады да, өзі арғы бетке өтеді. Арада сүт пісірім уақыт өткенде әлгі бай түсі сұп-сұр болып қайта оралыпты да, жалшыларына қарап, «Қайттық!» дейді де, алды-артына қарамай бұрылып кете берді дейді. Кейіннен не болғанын сұрағанда, «Жылқышы ата деген кісімен жолықтым. Тоғайынан ағаш шабуға рұқсат етпеді. Қисық, қураған ағашын да бермеді. Өзінің түсі қап-қара, қатты кісі екен» депті. «Өзінен бірнеше ғасыр алдыңғы заманда өткен кісімен жол
ығып, сұқбаттасқанынан қарағанда, әлгі бай да қасиетті кісі болғаны да» деседі халық аңызға сеніп.

Қаржансудың арғы бетінде қарағаш, бергі бетінде таутал өседі

Енді аңыз астарына үңілетін болсақ, жоғарыда аталған аңыздарда су культі ұғымы маңызды орында тұр. Осыған қарағанда Жылқышы ата аңызы исламға дейінгі аңыздар қатарына жатқызылса керек. Аңызда тасқындаған су Жылқышы атаның символдық тасын ағызып кетеді. Бұл, Қорқыт ата туралы
«Қорқыт ата туғанда
Қараспанды су алған,
Қара жерді күл алған.
Ол туарда ел қорқып,
Туған соң әбден қуанған!»-деп келетін жыр желісін елестеді.
Жалпы, фольклористикада Қамбар ата мен Қорқытты қатар салыстыру – қалыпты көрініс. Мәселен, «Қамбар» атауының мағынасын исламға дейінгі түркілік ұғымдағы қасиетті саналған «қам», «ғам» — «бақсы», «шаман» және «бар» — «бөрі» сөздерінен іздеп жатады (сілтеме: https://aikyn.kz/2019/01/12/77321.html) . «Қамшы» сөзінің өзі тек жылқышының құралы ғана емес, бақсылыққа қатысты аталатыны сөз түбірінен білініп тұр емес пе? Тіпті, С.Хасан секілді халық ауыз әдебиетін зерттеушілер «Қамбар» атауынан Хауамарга сақтарының ізін іздеп кетеді.
Енді бір деректе Қамбар атауын су тасқынымен етене сипаттап жатады. Мәселен, С.Қоңдыбай «Қазақ фольклорында Қамбар атаның мифтік болмысы су стихиясымен («Көл иесі Қамбар-ау, Шөл иесі Қамбар-ау, қарағыма көз сал-ау»), музыкамен, музыкалық аспапты ойлап табумен (түрікмен мысалы), жылқы малымен байланысты, жылқы (“су жылқылары”, “суын бие”, “суын айғыр”) мен музыканың су стихиясымен ұштастырылатындығына (қазақтың Қорқыт атасы, түрікпеннің Ашықайдыны, осетиннің Сырдоны, т.б.) қарап, Қамбар ата — мифтік сипатының тек жылқышыларға қамқорлық жасаумен шектеліп қалмайтындығын аңғаруға болады» дейді (сілтеме: https://el.kz/kz/news/archive/%D2%9B%D0%B0%D0%BC%D0%B1%D0%B0%D1%80-%D0%B0%D1%82%D0%B0) . Айтпақшы, алысқа бармай-ақ, «су жылқылары» туралы аңызды осы Қазығұрт ауданының Мақпалкөл көліне қатысты бір аңызда аталып қалатыны да бар.
Қаржансу өзенінің аңғары
Су культі тек «Жылқышы ата аңызында» ғана емес, қазіргі кесенесі орналасқан аумақта да көрініс тапқан. Кесененің жанында шипалы Шынар бұлағы, Көз ата суы деп аталатын суға қатысты атаулар да исламға дейінгі заманның дүниетанымын елестетіп тұрғандай.
Қазіргі Қазығұрт өңіріндегі топонимдер мен гидронимдерде Қаңлы руларына (мүмкін, сонау Кангюй заманынан шығар) қатысты этноним белгілерін көптеп кездестіруге болады. Мәселен, өңір аңыздарын зерттеуші Қ.Ергебековтің Қырыққыз, Ақбура аңыздарында қаңлы руына қатысты деректер аталса («Қырыққыз туралы аңыздар», «Ақбура әулие» кітаптары), Ақпарақ өзені атауында қаңлы руының аты сақталған. Бұл қатарға тарихшы Н.Сәдірбекұлының пікірін ескеріп, қаңлының Жылқышы руын да қосуға болар? Өйткені, арыға бармай-ақ, ХҮІІ ғасырда Есім ханнан жеңілген Тұрсын хан басқарған қатағандармен бірге қаңлы, шанышқылы рулары да осы жерлерден үдере көшкенін еске түсірсек те жеткілікті болар. Сондай-ақ, Ежелгі Қытай деректеріндегі «Қаңлыдан келді бір тұлпар» деп аталатын жыр да бүгінгі күнге жетіп отыр емес пе? Ерте заманғы қаңлы және жылқы тақырыбын арнайы зерттеу нысаны етіп, мақала жазуға болады.
 
Қаржан сақ қорғандары (б.з.д. ҮІІ-ІІІ ғ.ғ. ескерткіші)
 
Қазіргі Жылқышы ата кесенесін маңында орналасқан жоғарыда айтылған Шынар шипалы бұлағы, Көз ата суынан өзге ортағасырлық Төрткүлтөбе қоныс орны (ҮІІІ-Х ғ.ғ. ескерткіші, «Свод памятников истории и культуры Казахстан», Алматы, 1994ж.), құрамына 10 оба-қорған кіретін Қаржан сақ қорғандары (б.з.д. ҮІІ-ІІІ ғ.ғ. ескерткіші, сілтеме: https://www.facebook.com/search/top/?q=%D0%A1%D0%B5%D0%B9%D0%B4%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%94%D2%AF%D0%B9%D1%81%D0%B5%D0%B1%D0%B0%D0%B9%D2%B1%D0%BB%D1%8B%2C%20%D2%9B%D0%B0%D1%80%D0%B6%D0%B0%D0%BD%20%D1%81%D0%B0%D2%9B%20%D2%9B%D0%BE%D1%80%D2%93%D0%B0%D0%BD%D0%B4%D0%B0%D1%80%D1%8B&epa=SEARCH_BOX) тарихи ескерткіштермен қосып, кешен (комплекс) етіп қорғауға алса, арнайы туристік маршрут ретінде насихаттауға болады.
Біздің мақсат – Жылқышы ата мен Қамбар ата тереңіне жету емес, оған шамамыз да жетпес, жай ғана ой салу. Біз ойымызда жүрген деректерді жүйеледік. Ары қарай терең індете зерттеу – тарихшы мамандардың үлесінде.
Сейдалы Дүйсебайұлы

 

 

Қырық қыз

             Қырық Қыз – көне тарихи, табиғи ескерткіш. Ескерткіш Қазығұрт аймағында екеу. Көп замандардан бері табиғаттың өзі жаратқан киелі ескерткіш болып саналады. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұрынғы жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп жатқан 40 қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар құдайға «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері қара тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі. Бұл ескерткіш тасмүсіндер Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жерінде. Ауылдан 5–6 шақырым жердегі сарқырама жардың қасында. «Қырық қыз» деп аталатын екінші тас мүсіндер Өгем қойнауына түсе беріс жерде – Қазығұрт тауының Шығыс мүйісінің («Орда қонған») оңтүстік-шығысында 4–5 шақырымдай қашықтықта. Етегінде Өгем өз. ағып жатқан Өгем қойнауына түсе беріс жер күрт ылдилап кететін бұралаң жолға айналады. Тас мүсіндер осы мүйістердің бірінде. Аңыз бойынша бұл тасқа айналған қырық қыздың бейнесі. Мұнда да жаугершілік заманы тілге тиек етіледі. Бір ерекшелік – осы тас мүсіндер маңында алшақтау тұрған жеке тас-мүсін бар. Оны жұрт «Күйеу тас» деп атайды. Осыған қарағанда бұл жолы қыздар күйеу жігітті ертіп барып, Қазығұртқа сыйынып келе жатқан болса керек. Олар көз ұшында көрініп тұрған етектегі ауылға жете алмай, тас мүсінге айналған. Ел осы араны қасиетті орынға санап, қастерлеп жүреді.
 
             Қазығұрт ауданында екі жерде Қырыққыз табиғи тас мүсіндері кездеседі. Соның бірі — Аққұм аңғарында. Бүгінгі серуен арқылы көпшілік біле бермейтін Қырыққыз сарқырамасы туралы әңгімелесек…
              Қазығұрт ауданында екі жерде Қырыққыз табиғи тас мүсіндері кездеседі. Бірі — Өгем жолында, екіншісі — Аққұм аңғарында. Олар туралы интернетте мәлімет жеткілікті. Тіпті Қ.Ергөбеков секілді журналист ағалар Қырыққыз тас мүсіндері туралы түрлі аңыздарды топтастырып, арнайы кітап етіп жариялап жатыр. Сондықтан, олар туралы аңыздарға көп тоқталмай, бүгінгі серуен арқылы көпшілік біле бермейтін табиғи ескерткіш – Қырыққыз сарқырамасы туралы әңгімелейік.

 
                Қырыққыз сарқырамасы туралы аз-кем материалды massaget.kz сайтында жариялағанбыз (сілтеме https://massaget.kz/blogs/16744/). Блогымыз жарияланғаннан соң біршама жұрт сарқыраманы көруге қызығушылық танытқан болатын. Тіпті, материалымыздың өңін өзгертіп, өз аттарынан жариялаушылар да табылған-тын.

                                                                                              Қырыққыз сарқырамасына ең жақын Аққұм ауылына былай жетесіз
                    Қырыққыз сарқырамасын көруге көптен қызыққан жандардың бірі – Ғалымжан Оразымбет досым еді. Барудың сәтін күтіп жүрсе керек, ара-тұра жету жолын сұрап қоятын. Соның сәті бүгін туды.
                   Қырыққыз сарқырамасы – Қазығұрт ауданының ең биік сарқырамасы. Қаржантау сілемдерінен басталатын Қарабау өзенінің суы 43 метр биіктен құлайды. Өзіне тән сұлулығы бар. Көктемде, мамыр мен маусым арасында өзен суы мол кезде келе қалсаңыз, тастан-тасқа соғылып, майда түйіршіктерден бу секілді көрінетін су тамшыларымен денеге соққан салқын лептен керемет ләззат алуға болады.

                  Досым — Ғалымжан Оразымбетпен бірге Қырыққыз сарқырамасына жолға шықтық
Сарқырамаға жетуді ойласаңыз, google-maps картасы жолбастаушы бола алады. Баратын жолынан бастап, суреттеріне дейін керекті деректерді ендіріп тастағанбыз. Шымкенттің «Колосынан» Алтынтөбеге қатынайтын таксилердің біріне отырып, 80 шақырым қашықтағы «1-мамыр» ауылына 1 сағатта жетіп келесіз. Одан кейін Аққұм ауылына 4 шақырым асфальттелген жол күтіп түр. Аққұмға жетіп алсаңыз, арғы жағынан Қырыққыз сарқырамасы 3 шақырым жерде тиіп тұр.

                                                                                                                Аққұм ауылы. Жақсығұл мерген кесенесі
                           Тамыздың төрті. Ғалымжан досымның «Колостан» мінген көлігін «1-мамыр» мектебі алдынан күтіп алдым. Сонсын екеулеп Аққұмға қарай жаяулап ұрдық. Бұрын «Аққұм» мектебінде қызмет еткенімде талай жаяу жүрген жол. Көптен көрмеген курстас досыммен әңгіменің қызығымен оп-оңай жетеміз деп ойлағам. Кенет жолай бір мәшене тоқтай қалды. Көзтаныс аққұмдық кісі екен. Аққұм ауылына кіре берістегі Жақсығұл мерген кесенесі алдынан қалдырып кетті. Жақсы болды. Алдымызда, күнгей беткейдегі қыратта өз заманында Есім ханның гвардиябасы болған, Салқам-Жәңгір ханның Орбұлақ шайқасында мергендер қосынын басқарған әйгілі Жақсығұл мергеннің кесенесі тұр. Қазақ тарихында өзіндік орны бар батыр басына зиярат етіп шықтық.

                                                                                       Жақсығұл мерген кесенесінен Қырыққызға жету жақын
                          Одан әрмен Аққұм ауылы көшесімен Қаржантау тауының сілемдеріне қарай аяңдадық. Ауылдан шыққасын Қарабау өзенінің бір саласының аңғарын бойлай біршама өрледік. Тау қызыл доланасы қалыңдайтын тұсынан Қырыққыз тас мүсіндері тұрған шамадан төтелеп қырға шықтық. Долана тікенектеріне жырылып ығыры шыға бастады ма, бір кезде Ғалекем келгеніне өкіне бастады-ау дейм, кейи бастады;) Мен болсам, үнсіз жымиып қойдым да, үнсіз ғана жол бастадым. Бір сәтте Ғалекем:
— Оооо, керемет! Тамаша! -деп айқайлап жібергенін байқамай қалды;)

 

                                                        Қырыққыз тас мүсіндері әдеміленіп көрінетін тұс еді. Суретке түсіріп жүріп таңданысын айтып қояды.
                      — Өгемнің Қырыққызына жетпейді, кәнешні. Бірақ мына Қырыққыз анау Қырыққыздан әдемі екен.-деп таңданып, салыстырып жүр.

 

 

                                                                                                                       Қырыққыз табиғи тас мүсіндері
                                Жоғарыдан суретке түсіріп болғасын, ақырындап төменге түстік. Ғалекем мықты альпинист те екен. Ырғып-ырғып, секіріп Қырыққыз тас мүсіндері арасына өрлеп, еніп кетті. Қырық қыз серуеніне ілесіп, жеке-жеке танысып шыққысы келген болар, ойында не барын ұқпадым.

 

                                                                                  Ғалекем Қырыққыздың қырық қызымен жеке-жеке танысуға кетті
            Аққұм аңғарындағы Қырыққыз табиғи тас мүсіндерінің физикалық келбеті ерекше. Үгілгіш шөгінді керіштасты, әктасты қызыл топырақты болып келеді. Төңірегінде айнала таудың бұжыр қара тастары болса да, табиғат тек осы жерде әдейілеп аппақ тастардан көркем мүсіндер жасағандай. Сырттан алысырақ қарағанда, шынында да аңызда айтылатын қырық қыз сарқырамада шомылып жатып, жау келе жатқанын естіген соң үркіп, шыңғыра қырға қарай жүгірген ақ желбегей жамылған топ қыздарды елестетуге болады. Қырық қыздың кейбіреулерінде үстіндегі жамылған аппақ жамылғылары түсіп, тек қызыл терісі жылтырай көрінетіндей ме?

          Сонымен, Қырық қыздың арасына кеткен Ғалекем де сырласып болғасын төменге оралды. Ода да жүрек бар екен-ей. Қырық қыз жан-жағынан жамырасып қалай сырласты екен? Білген сырын маған айтпады бірақ.

                                                                                                                   Мұнда бірнеше ұсақ сарқырамалар көп

 

                                                                                                                                                          Тау бүлдіргені

 

                                                                                                                                    «Билайн» ара
                Төменге түсіп, өзен суына қол-басымызды шайып, дем алып алдық. Өзен суы салқын. Әрмен қарай өзен бойлай жоғары көтерілу керек. Үлкендігі мәшенедей-мәшенедей дәу тастар арасымен өрлей бердік. Кей жерлерде дәу тастардан бір-бірімізді демеп, қол берісіп, жүк көтерісіп шықтық. Жолай самсап тұрған тау бүлдіргенінің дәмін татып алдық. Өзен арнасы өте тар, жоғарылаған сайын одан да тарылады. Екі қапталда биік құздар жақындай түседі. Үйдей тастардың арасынан жол тауып, сарқырамаға жақындай түстік. Бірнеше ұсақ сарқырамалар бар. Оларға қарайламай негізгі сарқырамаға жеттік. Алдыма түсіп кеткен Ғалекем бір уақытта гүрілдеген дауысына салып:
— Ооо! Керемет!-деп айғайлап жатты.

                                                                                                     Қырыққыз сарқырамасы. Су 43 м. биіктен құлайды.

 

                        Жолсерігімнің қуанғанын көріп мен де қуанып жатырмын. Өзен суының азайғанына қарамай, сарқырама сұлу көрінеді. Су құлап түсетін тұста табиғаттың өзі әдемі қауыз жасап алған. Осындай көркем жерге келіп тұрып, өзеннің салқын суына шомылмау – ең үлкен күнә болар. Шомылдық. Салқын су шаршауыңды тез басады. Сарқыраманың сол қанатындағы биік құздарда құстар базары бар екен. Сонау биік құздарда қиқулап жатты. Жемтіктерінің майда сүйектері сарқырамада шашылып жатыр.

 

 

                                                                                                       Ғалымжан Оразымбет Қырыққыз сарқырамасында

 

                                                                                                                                          Сарқырама қауызына шомылып алдық

 

 

                           Ғалекемнің сұлулыққа тамсану сауабын алып, сарқырамадан айналма соқпақпен жоғарыладық. Мұндай тіп-тік соқпақ еш жерде жоқ шығар. Қолдың көмегінсіз шығу мүмкін емес. Өзеннің жоғары тұсынан шыққанымызда қарсы бетте, өзеннің оң жағалауындағы құз басында орналасқан ортағасырлық Қырыққыз қамалының қоныс орны (средневековое поселение) көрінді. Қырыққыз туралы аңыздардың бірінде қыздар сол қамалда өмір сүргені айтылады. Бірақ осы уақытқа дейін ол қамал қоныс орнын ешкім зерттеген емес. Ешбір археологиялық еңбектерде кездеспейді. Тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне енбеген. Жергілікті тұрғындар мазаратқа айналдырып, қоршап қойған. Қамал қоныс орнын осы құралыптас нысандармен салыстырмалы түрде шамамен Х-ХІІ ғасырларға жатқызуға болады.

 

                                                                                                         Ортағасырлық Қырыққыз қамалы қоныс орны

 

                                                                                           Қамал қоныс үстіне қазіргі заманғы мазарат жайғастырылған
                                      Қамал қоныс орны жанындағы алмабауды аралап, Алтынтөбеге қайтар жолға түстік. Одан ары қарай Шымқалаға қайтамыз.

 

                                                                                                         Әр саяхатымызда жолай жылқылар жолығады

 

   
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ